«Нәбә» (Амма) Меккеде түскен сүре. Сүренің «Нәбә» (хабар) деп аталуы онда қиямет және қайта тірілу жайлы маңызды хабар баяндалады. Сүренің негізгі мазмұны мүшріктер мойындамайтын «қайта тірілуді» түрлі дәлелдермен көрсету. Сол себепті, сүре мүшріктердің бір-біріне қайта тірілу жайлы сауал қоюмен басталған. Және де, қиямет күні мен одан кейін орын алатын жаратылыстың тілілуі мен есеп-қисап жайлы баяндалады. Соңынан, қайта тірілуді жоққа шығарған мүшріктерді күтіп тұрған қорқынышты салдарын ескертумен аяқталған.
«Қайта тірілу» туралы ой меккелік кәпірлердің басым көпшілігін мазалаған жайт еді. Тіпті, олар ішінара оны растаушы және жалғанға шығарушы боп екі топқа бөлінді.
Бұдан кейін Алла Тағала ғаламдағы түрліше ғажайыптарды жаратудағы құдіретін паш ете отырып, керемет жаратылыстар мен құбылыстарды жоқтан бар еткен құдірет Иесі адамды қайта тірілтуге дәрменсіз емес екенін жеткізеді.
Сүреде қайта тірілу уақыты мен мерзімі Жаратушы құзырында белгіленіп қойылғандығы және ол пенделер арасындағы төрелік шығарылатын күн екені айтылған. Бұл күні Алла тағала адамзаттың әуелгі және кейінгілерін түгелімен бір жерге жинайды.
Кәпірлерге әзірленген алуан түрлі азап сөз етіледі. Және тақуа жандарға уәде етілген нығмет түрлері айтылады. Азап және нығмет, жаза және сыйлық. Осылайша, қорқыту және және қызықтыру әдісін қатар қолдану – Құранның тәсілі.
Сүре соңында қияметтің қорқынышы сөз етіледі. Қияметтің үрейінен кәпірлер қайта тірілмей-ақ және дүниедегі амалына есеп бермей бірден топырақ болып кетуді армандайтындығы баян етіледі.
1. Олар бір-бірінен не жайлы сұрасуда?
Мүшріктер бір-бірінен не жайлы сұрауда? Ибн Жарир және Әбу Хатим әл-Хасан әл-Басриден «Пайғамбар (с.ғ.с) жіберілген кезде адамдар бір-бірінен сұрай бастады. Сонда осы сүре түсті», - деп риуаят етеді.
2. Зор уақиғадан.
Олар өте қорқынышты және маңызды қайта тірілу күнінің хабарын сұрауда.
3. Олардың өздері ол уақиға жөнінде таласуда.
Мүшріктер қайта тірілу күні жайлы бірі мойындаса, екіншісі жоққа шығаруда және бірі растаса, екіншісі өтірікке шығарып таласуда.
4. Жо-жоқ, олар таяу арада біледі.
Олар әлі-ақ, қайта тірілу мен есеп беру күні келгенде анық білетін болады.
5. Мүлде олай емес, олар жақында біледі.
Олар өлген соң мұның рас екенін біледі. Бір аятты екі рет қайталау мәселенің аса маңызды екенін аңғартады. Олардың қайта тірілу жайында таласуы жөн емес. Бұл жөнінде Құран ақиқатты айтуда.
Серікбай Ораз
«Тәпсір тұнығы» кітабынан
«Нәбә» сүресі (1-5 аят)
Жарнама
Бөлісу: