«Ғайбат сөз тыңдадым, оразам бұзылды»

«Ғайбат сөз тыңдадым, оразам бұзылды»

Ғибратнама
Жарнама

Үндістандық Ислам ғұламасы Шах Уалиуллаһ әд-Дәхлеуи болса керек (1746-1824 ж), аузы берік екен. Қасындағы шәкірттерімен бірге сұхбаттасып отырғанда әңгіме сол замандағы Үндістан сұлтанына ауысып, шәкірттерінің бірі сұлтанның кемсін тұсын ауызға алып, сөз етіпті.

Сол сәтте қастарында отырған Шах Уалиуллаһ Дәхлеуи хазірет (р.а.):

- «Қап, әттеген-ай, оразам бұзылды!» - дейді.

Қасындағылар:

- «Тақсыр, оразаңыз неге бұзылды?» - деп сұрайды.

- «Ғайбаттан бұзылды» - дейді ол.

- «Тақсыр, ғайбатты айтқан сіз емес қой?» - дегенде, Ол:

- "Ғайбат айтпасам да, ғайбатты естідім. Хадисте: «Ғайбатты айтқан да, ғайбатты тыңдаған да күнәға ортақ» делінген", - депті абыз ғалым1.

Алланың достарының оразасы, тек күні бойы аш жүру ғана емес, Алла разылығын алудың бір жолы. Мақсаттары Алланың бұйрығын махаббатпен орындау, титтей де кінәрат араластырмай кемел түрде өтеу. Сондықтан да, әулие кісілер харам былай тұрсын, тақуалығына зияны тиіп кетер титтей күмәнді нәрселердің өзінен бойларын аулақ ұстайтын болған. Аталмыш ғибратты оқиғадан да байқағанымыздай, ғайбатты естудің оразасына зиян келтіруі мүмкін деген қорқыныштан ғайбат сөзді естудің өзінен қашатын.

Ендігі жерде біздің оразамыздың күйі қалай? - деген заңды сауал туындайды. Ауыз бекіттік дегеніміз болмаса, айтатынымыз боғауыз, өсек, ғайбат, ол жетпегендей ауыз аша сала темекісін шегіп, болмаса шайтан судан ұрттап алатындар да кездеседі. Сонда тұтқан оразамыз не болды? О дүниеде тұтқан оразамыз, оқыған намаздарымыз және берген садақаларымыз селқостығымыз себепті шөлдегі сағымдай жоқ болып кетсе, қайтпекпіз?... 

1  («Тарабарани»).

материал «Ғибратты оқиғалар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: