Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Мәдина қаласына құтты қадам басып көшіп келуімен исламды қабылдау бақытына ие болған әрі Ұхыд соғысында бар жан-тәнімен оны қорғаштаған өте жанашыр жақын сахабалардың қатарында Нәсибә анамыз да болды.
Ұрыстың сондай бір қызған сәтінде пайғамбардың маңайында оны қорғайтын сахабалардан ешкім де қалмады. Жаудың екі атты әскерінің оған қылыштарын жалаңдатып, ентелей төніп келе жатқанын көргенде, Нәсибә жанұшыра солай қарай ұмтылды. Екі жауды пайғамбарға жақындатпай бір өзі алысты. Біреуінің аяғын қылышпен жаралап үлгерем дегенше, ту сыртынан келіп қалған екіншісі дәл иықтан қылышын сілтеп үлгерді. Жараланып, иығынан қансырай жерге жығылған Нәсибәні көрген хазірет Әли (р.а) әлгі жаудың екеуін де ә дегенде жайратып салды. Қайта келгенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қасиетті қолдарымен оның жарақатын таңды. Дәл осы сәт пайғамбарымыздың тағы бір мұғжизасы бой көрсетіп – сыртын жаңа ғана таңылған жара бірден жазылып қоя берді.
Бел жазып, орнынан түрегелген Нәсибә іштей егіле:
– Сіздің тізеңізді құшып шейіт боп кетсем деп едім. Оны неге маған қимадыңыз? – деп, о бастағы өзегін өртеген арманын жеткізді. Сонда оны жұбатқан пайғамбарымыз іштей қатты толқып Жаратқанға:
– Я, Раббым! Мені Нәсибә мен туыстарынан ажырата көрме! – деп бет сипап, теңдессіз құрметі мен сыйын ұсынды.
Иә, Ислам тұнығының таралуында жан аямай ерлік көрсеткен осындай аяулы аналарымыз аз болмаған.
материал «Тағылым тамшылары» кітабынан алынды,
ummet.kz