Ислам дінінде кеңінен танылған діни-құқықтық ұстаным – ханафи мәзһабына негізделген Матуриди ақидасы Орта Азия, Түркия, Балқан түбегі, Қытай, Үндістан және Пәкістан аумағындағы мұсылмандармен қатар Қазақстан мұсылмандарының сан ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан дәстүрлі діни сенім негіздері.
Әбу Ханифа Нұғман ибн Сабит (699-767/80-150) – ислам дініндегі діни-құқықтық жүйенің негізін салған ғұламалардың ішіндегі табиғиндердің қатарына жататын тұлға. Имам хижраның 80-жылы Ирактың Куфа қаласында дүниеге келіп, 150-жылы Бағдатта қайтыс болды. Заманының таңдаулы ғалымдарының көбінен фиқһ және хадис ілімін үйренді. Ұстазы Хаммад бин Сүлейменнен (120/738 ж.қ.б.) он сегіз жыл дәріс алып, фиқһ ілімінде айтарлықтай дәрежеге жетті. Оның ілімі ұстазы Хаммад арқылы Ибраһим ән-Нахаи (95/714 ж.қ.б.), Алқама (32/652 ж.қ.б.), әзіреті Али (40/660 ж.қ.б.), Абдуллаһ ибн Масғуд және әзіреті Омар (23/643 ж.қ.б.) сияқты мүжтаһид сахабаларға тіреледі.
Қазақстанда Әбу Ханифаның діни-құқықтық жүйесі ғасырлар бойы қазақ халқы санасына сіңісті болып, ұлттық дағдыға айналған дәстүрлі жол болып саналады. Ханафи бағыты қалың бұқараны ахлақ (мінез- құлық) нормаларының биік бастауларына жетеледі. Ислам дініндегі діни-құқықтық жүйе халықтың дәстүрлі діни танымын тұғырландыруға, Қазақстандағы өзге дін өкілдері мен мұсылман қауымы арасындағы бірлікті қамтамасыз етуге септесті.
Еліміздің мұсылмандары ұстанатын ханафи мәзһабы бүкіл адамзатқа ортақ рухани-адамгершілік-өнегелік құндылықтарға бай. Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы «Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы» Заңының кіріспесінде «ханафи бағытындағы исламның халықтың мәдениетiнiң дамуы мен рухани өмiрiндегi тарихи рөлi танылады» деп атап көрсетілген. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы біріктіріп отырған мұсылман үмбеті Әбу Ханифа мәзһабы мен Матуриди діни сенім жолын ұстанып, соған орай амал етуде. Осылайша, біріншіден шариғат амалдарының, соған сәйкес іс-әрекеттердің бір болуы басқа жат пиғылды ағымдардың енуіне жол бермесе, екіншіден, ел бірлігі мен ынтымағын, достығы мен ұйымшылдығын сақтап, оны одан әрі күшейте түсуде.
Бүгінде әлем мұсылмандарының басым бөлігі ұстанатын, Қазақстан мұсылмандары үшін де дәстүрлі болып табылатын ханафи мазхабының іргесін қалаған имам Ағзам Әбу Ханифа ілімінде ислам дінін қабылдаған жергілікті халықтардың салт-дәстүріне баса мән берілді. Ханафи мазхабында әдет-ғұрыптар исламдағы пәтуа шығарудың, яғни белгілі бір мәселеге қатысты діни үкім берудің бір негізі ретінде саналады. Демек, жергілікті халықтың дәстүріне тән қандай да бір әдет немесе ғұрып ислам шариғатына қайшы келмесе, оны қолдануға, сол бойынша іс-әрекет етуге ешбір шектеу қойылмайды. Құран үкімдерінде, хадистерде, ислам ғұламаларының пәтуасында қарастырылмаған қандай да бір жағдайға қатысты жергілікті халықтың әдет-ғұрпы арқылы шешім берілген болса, сол әдет пәтуа ретінде қабылданады.
Ханафи мазхабы бойынша сонымен қатар исламға дейінгі шариғаттар да пәтуа шығарудың негізі бола алады. Бұл жағдайда да белгілі бір халықтың исламға дейінгі ұстанған сеніміне сәйкес қалыптасқан дәстүрлер мен іс-әрекеттердің ислам шариғатына қайшы келмеуі басты өлшем болып саналған. Осының барлығы Әбу Ханифа негізін салған мазхабтың икемділігін, жергілікті жағдайларға бейімделгіштігін, дәстүрдің озығы мен тозығын ажырата отырып, ақыл- парасатқа негізделгендігін аңғартады. Осы мазхабты ұстанған қазақ халқының бүкіл әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері ислам қағидаларымен үйлесіп, кірігіп кетті.
Сенімдік мектептер тұрғысынан алғанда Орта Азия және Қазақстан халықтары үшін дәл осындай тарихи қызметті Матуриди ақидасы атқарды. Матуриди ақидасы ғасырлар бойы мұсылмандар ел бірлігі мен тұтастығын сақтап, халықтар ынтымақтастығын арттыруға зор үлес қосты.
Түркі, араб, парсы мәдениеттерінің тоғысында толысып, олардың үздік жетістіктерін саралап сіңірген, Фарабидей әлемге әйгілі энциклопедист ғалымды дүниеге келтірген ортағасырлық Орта Азия өркениеті кемеліне келген шағында имам Матуриди сынды дін ғұламасын тарих төріне шығарды.
Өркениет нәрімен өз топырағында сусындағандықтан да Матуриди ақидасында ұлттық дүниетаным – Орта Азиялық менталитет кеңінен көрініс тапты. Соның нәтижесінде Матуриди ақидасы қасаң қағидаларға емес, ізгі құндылықтарға негізделді. Матуриди ақидасының ерекшелігі саналатын ұстанымдар – Алланың өзі қаласа, күнәларды кешіретіні, адамға өзі көтере алмайтын жүкті артпайтыны, Жаратушының әрбір ісінің себебі мен хикметі барлығы, иман мен исламның бір екендігі, иманның көбеймейтіні және азаймайтыны, адамның жақсы мен жаманды Алла сый еткен ақыл арқылы танитыны – осылардың барлығының негізінде көшпелі өркениет құндылықтарын қоса сіңірген кең өрісті дүниетаным, ашық пікірлі пайымдау, өркениетті таразылау қабілеті, биік адамсүйгіштік құндылықтар жатыр.
Қазақ дүниетанымында Матуриди ақидасы айқын із қалдырған. Сонымен қатар Матуриди көзқарастарына Орта Азиялық, соның ішінде қазақы діл елеулі әсер еткен. Түркі халқы мұсылмандарының арасында туған, қазіргі Өзбекстанөңіріндегі Матурид елді мекенінде дүниеге келген ғұлама Имам Әбу Масұр әл-Матуриди (870-944) фиқҺ, тәпсір, хадис, кәләм т.б. ғылымдарының қыр-сырына қанық еді. Ол Имам Ағзам Абу Ханифаның адасушы мәзхабтарға қарсы жазған кітаптарындағы Құран және хадис елегінен өткізіп реттеген иман негіздерін шариғат дәлелдерімен
қоса логикалық тәсілді қолдану арқылы бекіте түсті.
«Амалдағы мазхабым – ханафи, сенімдегі мазхабым – матуриди» дегенді жаттап өскен қазақ халқы ғасырлар бойы діни тәжірибесінде, құлшылық әрекеттері мен сенім негіздерінде осы қос ғұламаның жолын ұстанып келеді. Тіл-дерек: Араб тілінің сөздігінде «жүрілген жол» мағынасын білдіретін «мәзһаб» сөзінің терминдік мағынасы – ислам дінінде мужтахид деп қабыл етілген кісінің сенім (ақайд) мен амалда (фиқһ) білдірген көзқарастарын ұстанатын жол. Мұхаммед пайғамбар жеткізген ислам дінінің сенім және амал саласында кейбір мәселелерін дәлелдеп одан үкім шығарып оларды түсінуде ғалымдар бір-бірінен өзгеше көзқарастар айтқан. Осы көзқарастардың жиынтығын «мәзһаб» деп атаған.
Ислам тарихындағы мәзһабтар үшке бөлінеді. Саяси, итиқади (сенімге байланысты) және фиқһи (амал) мәзһабтар. Дегенмен таңда халық «мәзһаб» сөзін көбіне фиқһ мәзһабтары үшін қолданылуда. Мәзһабты қолдаушылар да, оны жоққа шығарушылар да осы мәзһабтар төңірегінде әңгіме қозғайды. Ал саяси және итиқади мәзһабтарға қатысты «фырқа», «нихлә» сөздері көп қолданылуда. «Фырқа» сөзі «әр түрлі көзқарасты ұстанатын топтар» деген мағынаға келеді. «Нихлә» сөзі «көзқарас», «сенім» деген мағынаны білдіреді.
Ғибратнама:
Имам Матуриди тұжырымдаған сенім негіздері бойынша «Мұсылмансың ба?» немесе «Дінің не?» деген сауалдарға «Әлхамдулла, мұсылманмын» деп жауап беру қажет. «Иншалла, мұсылманмын» деп жауап беру өз иманына өзі күмән келтіргендік болып саналады. Ал имам Әшғари ақидасы бойынша «Иншалла, мұсылманмын» деп жауап беру жөн саналады. Осы қағиданың қайсысын қазақтың қабылдағанына назар аударып көрелік.
Қазақ арасында кеңінен тараған ислам ілімдерінің әліппесі секілді «Имандылық туралы мың сұрақ» атты қолжазба кітап бар. Кітаптың алғашқы тағылымдарының бірі «Мұсылмансың ба?» деген сауалдан басталады. Берілетін жауап: «Әлхамдулла, мұсылманмын». Ары қарай «Қашаннан бері мұсылмансың? Раббың кім? Дінің не? Пайғамбарың кім? Кітабың не?» деген сауалдар қойылып, берілетін жауаптар: «Әлімсақтан бері мұсылманмын. Раббым Алла, дінім ислам, пайғамбарым Мұхаммед, кітабым Құран» болып жалғаса береді.
Қара таныған әр қазақ баласы тұтынып өскен «Иманшарт», «Мұхтасар ғылымхал», «Шар кітап», «Ғибадатул исламия», «Сабатул ажизин», «Түрки иман» секілді кез келген дін кітабы ислами тағылымын осы «Мұсылмансың ба?» деген сауал мен «Әлхамдулла, мұсылманмын» деген жауаптан бастайды. Әліпті таяқ деп білмеген қаймана қазақтың да кез келгені осынау қарапайым қағидаларды көкейіне түйіп өсті. Өйткені ауылдағы қазыналы қарттар тілі шыққаннан немере- шөберелеріне осы қағидаларды үйретті. Соның нәтижесінде «иншалла, мұсылманмын» деп мұсылман болар-болмасын білмей, өз иманына өзі күмәнданып тұратын қазақ бүгінге дейін болған емес. «Әлхамдулла («Аллаға мадақ, Аллаға шүкір») мұсылманмын», деп Алланың құлы, Мұхаммед пайғамбардың үмбеті санатына енгеніне шүкірлік етіп өскен аталарымыз сол ғибратты ұрпақтарына жалғады. Бұл – қазақтың ақидасына адалдығының бір үзік дәлелі.
материал «Имамға көмекші» кітабынан алынды,
ummet.kz