Сәләфия ағымы қалай пайда болды, қалай жайылды?

Сәләфия ағымы қалай пайда болды, қалай жайылды?

Ақида
Жарнама

Бұл «сәләфия» ұраны Мысырда Британдықтардың отарлауы кезеңінде Жамалуддин Афғани мен Мухаммад Абдух басқарып, туын желбіреткен діни-реформалық қозғалыстың шығуымен басталды. Өйткені осы қозғалыстың пайда болуы «сәләфия» ұранымен тікелей байланысты.

Мұның себебі Мысырдың сол кездегі жағдайынан туындаған еді. Әл-Әзхар және оның ғұламалары мен Мысырдың әр түпкірінде ғылыми орталықтардың табылғандығына қарамастан, Мысырда әртүрлі діни негізсіз істер мен дінге қайшы түсініктер кең тарады. Бұлардың көбі суфизм атын жамылып көптеген дінде орны жоқ, сиқыршылық, сауықшылдық, харам мен халалға мән бермеушілік сияқты істерге барды. Әл-Әзхар да бұрынғы ғылыми белсенділігін жоғалтып, ресми қалыпқа түскендіктен бұған шара табар халде емес еді. Осындай діннің беделін түсіретін әрекеттер етек алған кезеңде халық екі топқа бөлінді.

Бірі – бүкіл құндылықтардан, өзіндік қасиеттерден, тіпті Ислами түсініктен ажырап, батыс мәдениетінің көшіне ілесуді жөн көрді. Екіншісі – мұсылмандарды қате түсінік, бидғат пен негізсіз ырым-жырымдардан ада, таза Исламға қайтару; әзхарлық шейхтардың көпшілігі ұстанған қоғамнан оқшаулану түсінігінен ажырату арқылы мұсылмандардың ахуалын оңалту; қайта жандандыру жолын таңдады. Шейх Мухаммад Абдух пен Жамалуддин Афғани екеуі де осы екінші топтың басында жүрді. Олар дінді жандандыру жолындағы күрестің туын шынайылықпен белсене көтерген еді. Барлық реформалық қозғалыстар адамдарды тарту үшін өзінің мақсатын көрсете алатын белгілі ұранға мұқтаж болғанындай, бұл топтың да өз ұраны болды. Ол «сәләфия» ұраны еді. Бұл – бидғаттар, қате нанымдар, өмірден ұзақтап бір шетке ысырылу сияқты Исламның мөлдір тазалығын бұзатын барлық әрекеттерден тазартуға шақыру дегенді білдірді. Сонда ғана мұсылмандар сәләфу-с салихтардың заманындағы дін түсінігі мен ұстанымына оралып, солардың ізімен жүрген болар еді деген үміт болды. Олардың сәләф заманына оралуға табандап тұруларының мәнісі – Ислам әлемінің басым бөлігінде кең жайылған бидғаттарды, қате нанымдар мен түсініктерді жою еді. Себебі Исламды ұстану іс-әрекетті, еңбектенуді әрі күресуді қажет етеді. Ислам – қоршаған ортадан ұзақтау немесе оған көз жұмып қарау емес.

Алайда, осы сияқты Исламның ақиқатын меңзейтін мағыналарды «Сәләф немесе Сәләфиядан» өзге ұранмен байланыстыру мүмкін еді. Бұл мағыналарға ең лайық Исламнан басқа дұрыс сөз бар ма? Яғни ішкі-сыртқы барлық кері әсерден таза Исламды айтамын. Бірақ бұл қозғалыстың көсемдері олай істемеді. Олар Исламның және мұсылмандардың әуелгі ғасырындағы нұрлы күндері мен олардың бүгінгі қою түнектегі халдерін салыстырушы пікір арқылы мұсылмандардың Исламға деген құлшынысын, кері әсерлерге деген жиіркенішін  оятуды жөн көрді. Сөйтіп, мұсылмандардың алғашқы буын өкілдерінің ерлігін мақтан тұтып, Исламның ұлылығын жырлап жүрген адамдарға оң әсері болар деген үмітпен бұл қозғалыстың ілгерілеуіне «сәләф» немесе «сәләфия» ұраны таңдалды. Осы аталмыш себептерге байланысты сәләфия ұғымы туындап, ең алғаш рет діни қозғалыстың басындағы Мухаммад Абдух, Жамалуддин Афғани, Рашид Рыза, Абдурахман Кауакиби сияқтылар сол ұранды қолданды. Одан  әрі үгіт-насихаттарын осы ұранның аясында жүргізді.

Бірақ та, ол кезде бұл ұран бүгінгі көптеген адамдардың түсінгеніндей, Ислами ағым дегенді білдірмейтін. Тек қана қозғалыстың аты, жолдарының танымы ретінде сәләфу-с салихиннің жолынан ажырап, бидғат пен қате нанымға белшеден батқандарға қарсылықтарын білдіру ғана болатын.

Бірақ бұл қозғалыс бидғат пен ырымдардарға қарсы күресу тұрғысынан сәләф қауымына жақындауға тырысып, «сәләфия» ұранын өзінің аты ретінде иеленгеніне қарамастан, басқа көптеген тұрғыда сәләф-салихиннің ұстанымдары мен әрекеттерін қабылдамай, олардан ұзақтай берді. Осылайша зиялылар қауымы мен жалпы халық арасында сәләф және сәләфия сөзінің кең тарауында осы қозғалыстың үлкен әсері болды. Бұған дейін тек қана ғылыми тақырыптарда ғана қолданылып, алғашқы буын өкілдерін дәріптеуге арналған мадақ сөзі еді. Өткен ғасырдың (яғни 20-ғасыр) бас жағында бұл сөздің өзінің ғылыми тар шеңберінен қалай шыққандығын көрудеміз. Осының бір көрінісі ретінде басылымдардың атауы ретінде қолданыла бастады. Мұнымен қатар Мысырдағы әйгілі «Сәләфия» баспаханасы мен кітапханасы сияқты орындарға атау ретінде берілуі кең етек алды. Осылайша бұл сөз әртүрлі орын-дарда көзге түсіп, құлаққа шалына бастады. Жоғарыдағы белгілі басшылар арқылы жүзеге асқан діни қозғалысты дәріптеуге тікелей байланысты болды.

Осы кезеңде Мухаммад ибн Абдулуаххабқа (1703-1792 жж.) тиесілі «Уаххабилік» ағымы белгілі себептерге байланысты Нәжд пен Араб түбегінің кейбір түкпірлеріне тараған болатын. Осы Уаххаби мәзһабы мен Мысырдағы діни қозғалысты басқарушылардың ортақ бағыттары болды. Бұл – бидғат пен қате нанымдарға, әсіресе сопыларға қарсы күресуде өзін көрсететін. Осы ортақ пікірлер арқылы уаххабилік ағымының басшылары арасында сәләф және сәләфия сөзі жайылып кетті. Барлық мазмұны мен ерекшеліктері Мухаммад ибн Абдулуаххабқа барып тіреледі дегенді білдіретін «Уаххабия» сөзінен мазасызданып жүрген уақытта «Сәләфия» сөзі олардың көңілінен шыға кетті. Бұл іс оларды «Уаххабия» сөзін «Сәләфия» сөзімен ауыстыруға итермеледі. Бұдан әрі өздерінің бұрынғы мәзһабтарын осы атпен жаюға кірісті. Осы ат арқылы «Бұл мәзһабтың пікірлері Мухаммед ибн Абдулуаххабпен шектелмей, одан әрі сәләфқа ұласады. Біз осы мәзхабқа кірумен Исламды түсініп жүзеге асыруда сәләф ақидасының, пікірлері мен ұстанған жолдарының сенімді өкілдері боламыз» деген пікір қалыптастырғысы келді.

Осылайша реформистік қозғалысқа және оны жаюға арналып қойылған атау бір ағымның атына айналып шыға келді. Бұл ағымдағылар өзге мұсылмандардан ерекшеленіп, өздерін ғана «ақиқат жолдамыз» деп санайды. «Біз Сәләф ақидасының сенімді өкіліміз және олардың Исламдағы жолын жалғастырушымыз» деп көрсетеді.

материал «Мәзһаб туралы таным» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: